• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Шілде, 2017

Дәурен Абаев Аргентинаның қоғамдық пікір және бұқаралық ақпарат федералды жүйесі министрімен кездесті

182 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Аргентина мемлекеттері ақпарат саласындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Бүгін «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Аргентинаның қоғамдық пікір және бұқаралық ақпарат федералды жүйесі министрі Э.Ломбардимен кездесті. 

Кездесу барысында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аргентинаның қоғамдық пікір және бұқаралық ақпарат федералды жүйесі министрі Э.Ломбардидің айтуынша, меморандум екі елдің арасында ақпарат алмасуға және журналистер дайындауға мүмкіндік береді. Одан соң аргентиналық қонақтар «Қазмедиа орталығы» ғимаратын аралап, еліміздің ең ірі арналарының жұмысымен танысып, роботтандырылған студияның тұсаукесеріне қатысты. 

Қазақстан мен Аргентина Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 25 маусымында орнатылған. Сол уақыттан бері екі ел арасында сауда-саттық пен мәдени-гуманитарлық алаңда бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылған. Аргентина - ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы ел. Министр Э.Ломбарди Аргентинаның ЭКСПО-дағы комиссары. Аргентинаның көрмедегі ұлттық күні 23 шілдеге жоспарланған. Бұл шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та қатысады деп күтілуде. 

«Қазақстан мен Аргентинаның бірігіп жұмыс істеуде өзара үйренері көп. Қазақстанның түсірген деректі фильмдері мен жобалары біздің көрерменге қызық болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, келіссөздер аясында спорттық шараларды бірлесе көрсететін болдық. Ал ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға мүмкіндік берген Қазақстанға ерекше алғыс айтамыз. Аргентина павильонына келіңіздер», деді Эрнан Ломбарди.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»